«Самұрық–Энерго» АҚ | Біріктірілген жылдық есеп
Басқарма Төрағасының кіріспе сөзі

«Самұрық-Энерго» АҚ Басқарма төрағасы

Алмасадам Сәтқалиев

«Самұрық-Энерго» АҚ-ның өндірістік және қаржылық қызметі 2016 жылы оң серпін көрсетті. Тарифтер мен сатылым көлемінің деңгейі өткен жылдармен бірдей болғанның өзінде 18 млрд. теңге мөлшерінде табыс таптық. Нәтиженің жоғары болуын инвестициялық бағдарламаларды оңтайландыру және операциялық шығынды азайту секілді дағдарысқа қарсы шаралар қамтамасыз етті деуге болады.
Маңызды жайттардың қатарында 2016 жылғы наурызда Ресей нарығына электр энергиясын жеткізудің қайта қалпына келтірілгенін айтуға болады. Үкімет тарапынан көрсетілген қолдау мен ПАО «Интер РАО» арасындағы серіктестік арқасында «Екібастұз ГРЭС-2 станциясы» АҚ-нан 1,8 млрд. кВт•с. электр қуаты экспортталды.

Инвестициялық жобаларды жүзеге асыруда еншілес өндірістік кәсіпорындардың зор үлесін атап өту қажет. Батыс. Қазақстандағы Ақтау қаласында «Маңғыстау РЭК» кәсіпорнының жаңа өңірлік диспетчерлік орталығы ашылды. Ақтөбе ЖЭО-да № 3 турбоагрегаттың іске қосылуы станция қуатын 34 %-ға 88-ден 118 МВт-қа ұлғайтты. 2016 жылғы қыркүйекте «Алматы ЖЭО-2 реконструкциялау және кеңейту. ІІІ кезек» жобасы аясында № 8 қазандық агрегаты іске қосылып, өндірілетін қуат 20 %-ға ұлғайды, бұл көрсеткіш мегаполис қажеттілігін және Универсиада нысандарын жылу энергиясымен қамтамасыз етуге жеткілікті. Қараша айының соңында «Б.Нұржанов атындағы Екібастұз ГРЭС-1» ЖШС-ң жалпы құны 18 млрд. теңге тұратын ОРУ–500 кВ нысанын қайта жаңғыртуды аяқтады.

Өндіру секторындағы жобалар 2009 жылы Үкімет қабылдаған және қажетті қуат көзін құруды қамтамасыз ететін шекті тарифтер бағдарламасының қолданылу кезеңін аяқтайды. Осы 6 жыл ішінде белгіленген және өндірілген қуат мөлшері арасындағы айырма 64 %-ға немесе 1 584 МВт-қа (2 462 – ден 878 МВт-қа) қысқарды. Жылу станцияларын қайта жаңғыртудың экологиялық тиімділігін күл қалдықтарының үш есе азаюынан, жылына 108 тоннадан 36 тоннаға дейін төмендеуінен көруге болады.

Электр энергетикасы саласын жаңғырту және дамыту бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында қуат нарығы мен теңгерімдеуші нарықты заңнамалық тұрғыдан белгіленген мерзімде ендіру қажет. Бұл саланың инвестиция­лық тартымдылығын арттыруға, жаңғырту қарқыны мен жекешелендіру үрдісінің төмендеуі секілді өзекті мәселелердің шешімін табуға ықпал етпек. 2017 жылы ғаламдық даму талаптарына сай электр энергетикасы саласында түбірлі өзгерістер жүргізіліп, жүйелі шаралар қолға алынады деген үміттеміз.

«Самұрық-Энерго» АҚ экологияны жақсарту және ресурстарды тиімді пайдалану бойынша кешенді шараларды жүзеге асырып келеді. Еншілес компаниялар тобы бойынша 2016 жылы өндірілген 22,5 млрд. кВт•с қуаттың көмірсутекті отынды пайдаланбай алынған таза электр қуатының үлесі 15,7 %-ға дейін өсті. Мақсатты бағдарламаны орындау аясындағы энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру бойынша көрсеткіштер 3,4 %-ға жақсарды.

Компания қоршаған ортаға тиетін зиянды әсерді жылдан жылға қысқартып келеді, әсіресе баламалы қуат көздерін ұлғайтуға баса мән беріліп отыр. 2025 жылға дейінгі Даму стратегиясында қуат өндіру құрылымындағы жаңартылатын энергия көздерін 10 % деңгейіне жеткізу мақсаты қойылып отыр.

Бұл бағытта Еуропалық Қайта құру және Даму банкі елеулі қолдау көрсетіп келеді. Беделді қаржы институтымен серіктесе отырып Ерейментау жел станциясында өндірілетін қуатты 95 МВт-қа дейін жеткізу жоспарланып отыр, «Шардара СЭС» АҚ жаңғырту жұмыстары жүргізілуде.

«Самұрық-Энерго» АҚ электр энергиясы саласындағы мемлекет мүддесін ескере отырып, «жасыл» энергетикаға көшу жоспарын жүзеге асыруға басымдық береді. Компания Стэнфорд Университетінің ғылыми орталығымен Stanford Energy 3.0. салалық бағдарламасына қосылу жөніндегі Түсіністік меморандумына қол қойды. Бұл ынтымақтастық жаңа технологиялар арқылы Қазақстан экономикасының аз көмірсутекті бағытта дамуына ықпал ететін болады.

«Самұрық-Энерго» АҚ Қазақстандағы электр энергиясының ірі жеткізушісі ретінде еліміздің экологиялық жағынан қауіпсіз энергия жүйесіне көшу жоспарында басты рөл атқарады, сондықтан да Елбасы жариялаған үшінші жаңғыруды табысты жүзеге асыруға өз үлесін қосуға дайын. Астанадағы «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінің жұмыс істеу барысында өткізілетін WSEC-2017 ғалымдар мен инженерлердің Дүниежүзілік Конгресі бізге заманауи энергетикадағы үрдістерді бағалауға және қазақстандық ОЭК-ң ерекшеліктеріне сай дамудың оңтайлы нұсқасын таңдауға бірегей мүмкіндік береді.

«Самұрық–Энерго» АҚ | Біріктірілген жылдық есеп
Scroll Up